Ақтауда 600 ден астам теңіз жаяу әскері Жауынгерлік тумен қоштасты

Теңіз жаяу әскерлері бригадасының саптық алаңында «қара береттілердің» ерліктің, даңқтың үлгісі – Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі салтанатты түрде өтті.
Еліміздің тоғыз облысынан шақырылған әскери қызметшілер теңіз жаяу әскерінің қатарында абыроймен қызмет етті. Олар әскери-есептік мамандықтарды меңгеріп, оқу-жаттығуларға қатысты, жорықтарға шықты, әртүрлі қару түрлерінен ату дағдыларын үйренді.
Қоштасу жиыны кезінде әр сарбазға естелік сыйлықтар мен грамоталар табыс етілді, ал үздік деп танылғандар тегін жоғары оқу орнына түсу үшін сертификаттар алды.
– Сендер нағыз өмір мектебінен өттіңдер. Сендердің әрқайсыларың әскери ұжымның бір бөлшегіне айналдыңдар. Әрбір сарбаздың тағдыры біздің бригадамен байланысты болғандықтан, оның тарихының бір бөлігісіңдер. Барлық бастамаларыңа сәттілік тілеймін, – деді әскери қызметшілерге теңіз жаяу әскерлері бригадасының командирі подполковник Азамат Сүлейменов.
Дәстүр бойынша бригаданың жеке құрамы саптық алаңда салтанатты шерумен жүріп өтті. Әскери қызметшілер теңіз әнұранын орындап, бөлім басшылығымен қоштасты.

Новости партнеров