Алматыда классикалық шахмат пен блицтен Азия чемпиондары анықталды
2023 жылғы 13 маусым, Алматы қ. Жексенбіде, 11 маусымда Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайында шахматтан Азия құрлықтық чемпионатының финалдық 9-шы туры, сондай-ақ жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.
Бір аптадан астам уақытта, ағымдағы жылдың 3 маусымы мен 11 маусымы аралығында әлемнің 18 елінен келген мықты шахматшылардың интеллектуалдық жекпежегі өтті. Чемпионаттың әр турын әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер бір деммен тамашалады. Міне көптен күткен нәтижелерге де қол жеткіздік.
Ең жоғары 7 ұпаймен Азияның шахмат королі атағына өзбекстандық гроссмейстер Шамсиддин Вохидов (FIDE рейтингі 2583) ие болды. Ирандық гроссмейстер Бардия Данешвар (FIDE рейтингі 2555) 6,5 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді. Қола жүлде 6,5 ұпай алған қазақстандық Әлішер Сүлейменовке (FIDE рейтингі 2463) бұйырды. Төртінші орынға үндістандық гроссмейстер Абхиманью Пураник (FIDE рейтингі 2555) жайғасты. Ұпай саны 6,5.
Әйелдер арасынан «Азияның шахмат коронасына» 7,5 ұпаймен үндістандық шахматшы Дивье Дешмух (FIDE рейтингі 2389) ие болды. Күміс жүлде 6,5 ұпай жинаған үндістандық гроссмейстер Мари Анн Гомеске (FIDE рейтингі 2315) бұйырды. Моңғолиялық гроссмейтер Батхуягийн Монгонтуул (FIDE рейтингі 2397) 6,5 ұпаймен қола жүлдеге қол жеткізді. Әйелдер чемпионатында жерлестеріміз Ксения Балабаева (FIDE рейтингі 2186) мен Әмина Қайырбекова (FIDE рейтингі 2146) алғашқы бестікке енді. Олар жеңіс тұғырына жарты ұпай ғана жетпей қалса да, жарқын әрі ерекше ойын көрсетті.
Алты шахматшы – ерлер арасынан төрт, әйелдер арасынан екі шахматшы 29 шілде мен 25 тамыз аралығында Бакуде өтетін FIDE-2023 әлем чемпионатына жолдама алды. Әлем кубогының финалистері Үміткерлер турниріне, ал одан – шахматтан әлем чемпионы атағы үшін кездесуге барады.
Салтанатты шара қазақстандық «JasStars» тобының «Елім деп соқсын жүрегім» әнімен ашылды. «Қазақстан» композициясын танымал «KeshYOU» тобы орындады. Жүргізушілер – танымал модель Әйгерім Үзембаева мен қаланың үздік шоумендерінің бірі Кирилл Мейстер салтанатты шараға қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен Азия шахмат федерациясының (ACF) президенті Шейх Сұлтан бин Халифа Әл-Нахайян құттықтау сөз сөйледі.
Әсем Нүсіпова шахматтан Азия құрлықтық чемпионатының 8 күні бір күндей болмай өте шыққанына тоқталды. «18 елден келген барлық қатысушылар жеңіске деген сеніммен келді, олардың барлық партиялары жарқын әрі ымырасыз өткеніне қарамастан залда достық пен бір біріне деген құрметтің лебі есіп тұрды. Бұл өте маңызды, себебі тәжірибесіз даму қиынға соғады. Іс шара тек мамандардың ғана емес, сонымен қатар жанкүйерлердің де қызығушылығын тудырды. Чемпионат өскелең ұрпақ арасында ең интеллектуалды спорт түрін насихаттауға қосымша серпін берді», – деді ол. Ол Алматы қаласының әкімі Ерболат Асқарбекұлы Досаевтың атынан осы турнирдің қожайыны ретінде Алматы қаласын таңдағаны үшін Азия шахмат федерациясына және турнирді жоғары деңгейде өткізгені үшін чемпионатты ұйымдастырушыларға, демеушілерге алғысын білдірді.
Шейх Сұлтан бин Халифа Әл-Нахайян турнирді ұйымдастыру, шетелдік қонақтарды қабылдау және чемпионат аясындағы барлық шараларды кәсіби түрде көрсету тұрғысынан жоғары бағалады. АCF басшысы 2024 жылы Қазақстанда шахматтан балалар арасындағы Азия чемпионаты өтетінін айтты. Ол Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаевқа, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевқа, ҚШФ басшысы Тимур Турловқа және барлық ұйымдастырушыларға шахматты дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Марапаттау рәсіміне Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) бірінші вицепрезиденті Дәрмен Сәдуақасов пен Freedom Broker басқарма төрағасының орынбасары Түсіп Нүкенов қатысты.
Турнир аясында классикалық шахматтан бір мезгілде ойнаудың екі сеансы ойналды: 5 маусымда №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері атақты молдаван шахматшысы Виорель Бологанмен, ал 7 маусымда Қазақстанның ең мықты гроссмейстері, 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Дәрмен Сәдуақасов 14 тақтада бір мезгілде ойнау сеансын өткізді. Еске сала кетейік, шахматтан Азия құрлықтық чемпионатына әлемнің 18 елінен 130-ға жуық спортшы қатысқан болатын. Турнирдің жүлде қоры 100 000 АҚШ долларын құрады.
Классикалық шахмат турнирімен қатар 3 маусымда Алматыда блицтен Азия чемпионаты өтті. Оны қазақстандық FIDE шебері, семейлік 20 жастағы Арыстан Исанжолов (стандарт рейтингі 2408, блиц рейтингі 2450) жеңіп алды. Үндістаннан келген шахматшы Венкатеша Пранава екінші, қазақстандық гроссмейстер Денис Махнев үшінші орынға табан тіреді. Әйелдер арасында да алтынды қазақстандық FIDE халықаралық шебері Ксения Балабаева (стандарт рейтингі 2186, блиц рейтингі — 2113) ұтып алды. Күмісті үнді шахматшысы Дивье Дешмух, қоланы моңғол шахматшысы Турмунхийн Мунхзул иеленді.
Алматыда өткен шахматтан Азия құрлықтық чемпионатын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, ACF және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚШФ ұйымдастырды. Турнирдің бас серіктесі Freedom Holding Corp.