Археолог: Қаңлы жазбасы – Қазақстанды жазба мәдениеті бар ежелгі өркениеттермен бір қатарға қоятын әлемдік деңгейдегі жаңалық
Қазақстандық археолог Александр Подушкин Түркістан облысында табылған қаңлы жазбасы орындау форматы тұрғысынан Қазақстанды өзіндік жазба мәдениеті қалыптасқан ежелгі өркениеттермен бір қатарға қояды деген пікірде.
Бұл туралы Александр Подушкин Қаңлы мемлекетіне және оның Ұлы Жібек жолындағы Орталық Еуразияның ежелгі өркениеттер жүйесінде атқарған рөліне арналған «Көне Түркістанның құпиясы» атты дәріс барысында айтты. Дәрісті Түркістан қаласында QALAM көптұғырлы ғылыми-біліми жобасы ұйымдастырды.
Қаңлы арыс (прото-соғды) жазбасының айғақтары Күлтөбе қаласының орнында (Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылы) қыш тақта-кестелер түрінде табылған болатын. Археологиялық және нумизматикалық материалдар бойынша бұл тақтайшалар б.з.д. I ғ. – б.з. I ғ. аралығында жасалған.
«Бұл әлемдік деңгейдегі жаңалық. Орталық Еуразия аумағында бұл тақтайшаларға балама жоқ. Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Израиль, Францияның беделді палеолингвистері зерттеу барысында онда қандай жазу келтірілгені туралы бірнеше нұсқа айтылды. Зерттеу нәтижесі тақтайшалардағы жазудың жол болып жазылғанын, арамей әліпбиімен берілгенін көрсетті. Ежелгі иран тілінің шығыс диалектілерінің бірі анықталды, оны Қаңлы мемлекетіне тән деп бөлек көрсетуге болады», – деп мәлімдеді археолог QALAM дәрісі барысында.
Күлтөбеде (Түркістан облысы) табылған қыш тақтайша-кестелердің фотосы. Дереккөз: А.Подушкиннің мұрағатынан
Ол Күлтөбе мәтіндері (жалпы саны – 30) біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларындағы Орталық Азия мен Қазақстанға қатысты саяси, әлеуметтік және тарихи-мәдени сипаттағы маңызды ақпаратты қамтитынын айтты. Жекелей алғанда, тақтайшаларда ежелгі мемлекеттер мен ірі қала орталықтарының (Нахшеб, Самарқанд, Кеш, Шаш, Бұқара) атаулары, кісі аттары, ежелгі билеушілердің лауазымы жазылған. Сонымен қатар әлеуметтік терминдер («шатыр адамдары» – көшпенділер); мемлекеттік терминдер («асыл заттар» – қазына); қоғамдық жұмыстар («қаланың негізін қалау, қала салу»); династиялық және туыстық терминдер («ұл»); қызметтік сөздер, аймақтық масштабтағы тарихи оқиғаларды атау және жергілікті билеушілердің іс-әрекеті және тағы басқалар кездеседі. Келтірілген ақпаратқа қарағанда, Қаңлы мемлекетінің жоғарғы табы мемлекеттік деңгейде жазуды меңгерген.
Профессор Александр Подушкин қайталанбас қаңлы жазбасын Қаңлы мемлекетінің Қазақстан Республикасы мен Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасына қосқан ұлы үлесінің дәлелі деп санайды: «Жоғары деңгейде дамыған өркениеттің көрінісі және мемлекеттіліктің айрықша белгісі ретінде қаңлы жазбасы Қазақстан Республикасының қазіргі ғылыми және азаматтық қоғамы үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Бұл жәдігер қазақтың ата-бабасының мәдени мұрасы және ежелгі салт-дәстүрі қаншалық бай әрі үлкен екенін анық көрсетеді. Бізге оны мемлекет және халықаралық қауымдастық деңгейінде сақтап, насихаттау қажет. Жазба мәдениеті – адамзат қол жеткізген ең ұлы жетістіктердің бірі екенін және әлемде санаулы ел ғана «бұрынғы бабаларымызда жазба болған» деп айта алатынын атап өткім келеді».
QALAM дәрісі барысында археолог екі мың жыл бұрын жасалған өнер туындылары туралы айтып берді, тыңдармандарды қаңлылардың тарихи-мәдени мұрасымен таныстырды және Қаңлы мемлекетінің қазіргі қазақ халқы этногенезінің алғашқы кезеңдеріне қандай тікелей қатысы бар екенін көрсетті. Сонымен қатар, ол экономикалық, саяси және мәдение әлеуеті зор болған Қаңлы мемлекеті ежелгі Орталық Азияның ұлы империяларына біртабан жақын тұрғанын мәлімдеді.
Анықтамалық ақпарат:
Александр Николаевич Подушкин – танымал қазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры (Шымкент қ.). Ежелгі Қаңлы мемлекетін (б.з.д. II ғ. – б.з. IV ғ.) зерттеуші. Оңтүстік Қазақстандағы Арыс мәдениетін (б.з.д. IV ғ. – б.з. VI ғ.) ашқан маман.
QALAM – Орталық Азия мен бүкіл әлем халқының тарихына және мәдениетіне арналған көптұғырлы ғылыми-біліми жоба. Жобаның негізі – әлемдік тарихи процестерге Орталық Азия көзімен қарау. Барлық негізгі материалды әлемнің түрлі елінен шыққан, кәсіби ортада үлкен беделге ие тарихшылар, философтар, өнертанушылар, саясаттанушылар жазады. Жобаға қазір Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Ресей және басқа мемлекеттердің зерттеушілері қатысып жатыр. Қазір QALAM жобасын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқуға болады.