Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым
Қаныш Сәтбаевтың туған күні — 12 сәуірде қазақстандықтар Ғылым қызметкерлері күнін атап өтіп жатыр. Ғылым саласына отандастарымыз ерекше қызығушылық танытып келеді. EGOV mobile платформасы ұйымдастырған сауалнамаға қатысушылардың 85,9% ғылыми жаңалықтар мен танымдық еңбектерге қызығушылықпен қарайтынын жеткізген.
Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ғылым мен технология туралы сауалнама жүргізген платформа осындай ақпаратпен бөлісті. Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен 20 725 адам қатысқан. Оның 51 % ерлер, 49 % әйелдер қауымы өкілдері. Сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың ғылым мен технология саласындағы жаңалықтарға көбірек қызығушылық танытатынын көрсетті.
Әрдайым ізденісте жүріп, білім мен жаңа зерттеулерге ықыласы ерекше қазақстандықтар үшін пайдалы танымдық ақпарат. Алдағы күзде Астанада «Халықаралық ғылыми-практикалық конференция» өтеді. Шараға 100-ден астам елдің өкілдері қатысады, — деп хабарлайды 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырушылары. ДКО бағдарламасы үш бағытты қамтиды. Бұл — спорт, мәдениет және ғылым. Сол себепті, қатысушы елдердің делегацияларының құрамы — спортшылардан, мәдениет және ғылым өкілдерінен тұрады.
«Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция 11 – 13 қыркүйегі аралығында Ұлттық музейде өтеді. Бағдарлама тарих пен мәдениетті, спорт ғылымы мен көшпенділердің тамақтануы т.с. құндылықтарды қамтиды. Биылғы конференцияның тағы бір ерекшелігі: тақырыпты кеңірек талқылау, оның ішінде көшпелі халықтардың дәстүрлері мен мәдениеті, ұлттық спорт түрлерінің қазіргі жағдайы мен дамуы, өткені мен қазіргі көшпенділердің тамақтануы сынды тақырыптардың қамтылуында. Бүгінде ғалымдардан конференцияға қатысу өтінімдері қабылдануда.
Қазірдің өзінде қазақстандық ғалымдардан басқа Корея, Қырғызстан және Словакия елдерінің сарапшы-ғалымдарынан өтінімдер қабылданды. Сондай-ақ, Ұлыбританияның ат спорты және жокей жаттығуларының жетекші мамандары өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Конференцияда Вагенинген университетінің және ғылыми-зерттеу орталығының профессоры Элске Броуер-Бролсма (Нидерланды) өз білімімен бөліседі.
Шақырылған құрметті қонақтардың қатарында көшпенділер тамақтануының пайдасы туралы дәріс оқитын European Univeristy of Longevity негізін қалаушы Юлия Юсипова (АҚШ), Әзербайжанның бұрынғы премьер-министрі, тарихшы Гасан Гасанов, Мажарстан археологы, антрополог Андраш Биро және т.б. бар.